Көзқарас

Тоқтарәлі Таңжарық. “Қоңыз” романы туралы

Жуырда ғана жарық көрген “Қоңыз” романы Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ қоғамының хал-ақуалын, автократиялық биліктің бет-бейнесін, жер бетінде жер көлемі жағынан 9 орында тұратын, асты толы кеніш, бай елдің қарапайым кішкентай тұрғындарының “қоңыз тірлігін” шынайы әрі байсалды жазған шығарма деуге болады. Бұған дейін осы 30 жыл ішінде дәл осындай таза қоғамдық-әлеуметтік ситуацияларды ұрдажық ұрандарсыз, барынша обьективті суреттеген толыққанды көркем шығарма оқымадым. Мүмкін, біз білмейтін авторлар яки шығармалар кезігетін де шығар…
Роман белгілі бір шағын қаладағы еңбек дауынан басталып, ақыры қантөгіспен аяқталған оқиғаны негіз етеді. Бірақ, автор бұл оқиғаны тек екі отбасының тағдыры арқылы береді. Бастан-аяқ екі отбасының өткені мен бүгіні көтеріліс кезінде алма-кезек суреттеліп, жіпке тізгендей логикалы оқиғалардың қиындылары (монтажды) арқылы өріліп отырады. Арқау, негізгі жүлге еш босаңсымаған қалпында соңғы түйінге жетеді. Еңбек дауы, жалақыға келіспеушілік, заңды талап – дөкейлердің яки бас болар қаһармандардың араласуынсыз қарапайым жұмысшылардың іс-әрекетімен шешіледі. Мұнда автор өзі сөйлемейді, тек оқиғаны қағазға түсіруші ретінде ғана бейтарап қалады. Бұл бейтараптық “автордың өлімін”, демек шығарманың өз өмірі, өз еркіндігі барын мейлінше көрнектілендіре түскен. Біздегі көптеген прозалық шығармаларда кейіпкердің ойына, әрекетіне, шығарманың жалпы өрісіне автордың көзқарасы, оның ішкі ойы, өзіндік пікірін тықпалауы кездеседі. Бұл – бүгінгі әдебиеттану үшін ең үлкен кемшіліктердің бірі.
Шығарманың сюжеті шымыр, композициясы тастай берік. Ол тек қала жұмысшыларының митингісі арқылы өрілген десеңіз, қателесесіз. Онда екі отбасындағы оқиғалар, көнбіс мінез, көлгір достық, еліміздегі білім, денсаулық саласындағы жемқорлық пен адамды адам ретінде санамайтын, бір-біріне жаны ашымас, бірінің тағдырына екіншісі алаңдамас топтық сана, тобырлық көңіл-күй, шіріген бюрократия шым-шымдап,тараудан тарауға көшіп отырады. Оқи отырып, мұндай оқиғалар, мұндағы кейіпкерлер өзіңіз немесе танысыңыз, досыңыз, туысыңыз екенін іштей сезесіз, тағы не болар екен деп елеңдейсіз.
Егер шығарма тек қана осы ауанмен беріліп, солай аяқталған болса, “әлеуметтік романның” жақсы бір мысалы ғана болып қалар еді. Автор “қара бояудан” тұратын оқиға желісіне елестік күй қосуды алдын ала ойластырған секілді. Бұған алаңдағы жыршы образының тарау сайын “жаңа қырлары” ашылып, кейіпкерлер ортасында бар мен жоқтың арасында көрініс табуы дәлел. Мұны шеберлік деуге болады.
Ал қоңыз туралы әңгіме өзінше бір хикая. Оны да әдемі, сазды әуенмен оқиға иіріміне жымдастырған.
Латын Америкасында диктаторлық жүйені безбендеген шығармалар ХХ ғасырдың екінші жартысында бірінен соң бірі туды. Астуриас, Корпентьер, Рибейру, Маркес, Услар-Пьетри, Андради, Льоса, Бастос,Кортасарлар бастаған шоғыр бірінен бірі іліп әкетіп, “патшалардың патшаларын” – сеньор президенттерін әртүрлі кейіпте сомдап, тұтас үйектің болмысын үнділік әрі зеңгілік нақыштарды қоса отырып кейіптеп, бірегей туындылар жасады ғой. “Қоңыз” да Орта Азиялық “тәуелсіз диктаторларды” “анықтаудың” алғашқы талпынысы деуге болады. Менің есіме Амадудың “Құм жағалауының капитаны” оралды осы шығарманы оқығанда.Бірақ ол реалистік әдебиеттің өзінше бір нұсқасы еді.
Ырысбек Дәбейдің бұл романын көп адам бірден қабылдайды деп айту қиын. Өте қарапайым, жеңіл жазылғандай көрінеді. Бірақ, бұлай “авторсыз” жазу үшін де ізденіс, тер төгу керек.
Біздікі шетжағалап өзіміз сезінген тұстарын айту ғой. Романнан алар әсер, сезінер ой бұдан әлдеқайда мол деп ойлаймын.

Тоқтарәлі Таңжарық

Тақырып бойынша мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close