Әлеумет

Е. Жүніс. Жаз не деп еді?..

Есенғали ағаның елу жасқа толуына орай, елордада, жастардың шақыруымен, жақсы бір кеші өткен. Алтай мен Атыраудың арасынан мұқым қазақтың мықтылары жиылған. Кешті Ақселеу Сейдімбек жүргізіп отырды. Алдыңғы қатарға, әрине, маңдайдың нұрындай марқасқаларымыз жайғасқан. Қадыр мен Тұманбай көкелеріміз дәл осындай қалыпта отыр. Есенғали ағамның ет жүректі езіп жіберердей өлеңдері оқылып жатыр. Бір өлеңін оқу кезегі маған да келді. “Жаз не деп еді?” деп бастадым. Жиырмадан енді асқан жасым бар, жиылған жұрттың мысы бар, не керек, жазған басым ұмыттым да қалдым. Қарап тұрмай, “Жаз не деп еді?” деп қайталап жұртқа қараймын. Ел маған қарайды. “Жаз не деп еді?” деп Есенғали ағаға қараймын. О кісі де қапелімде есіне түсіргісі келгендей, ернін жыбырлатады. Тағы да “Жаз не деп еді?” деп жан-жағыма қараймын. Жан-жағым жым-жырт. Ал, есіме түссеші! Беттің ұяты моншақ-моншақ тер болып ақты. Көзім қарауытып, қарадай қысылып барам. Сахнаның артынан сытырлап ашылған кітаптың даусы, суфлердің сыбырлаған үні еміс-еміс естіледі. Бет дуылдап, құлақ шуылдап тұр. Оны ести қоятындай хал жоқ. “Жаз не деп еді?” деп сахнада жанымда тұрған Әмірхан Балқыбек ағама бұрылып қарадым. Әмірхан аға келесі шумақтың басын айтатын сияқты ма, дәл маған керек жолы жоқ. Есенғали Раушановқа жаздың не деп айтқаны мен үшін ғасырдың жұмбағындай болды. Ағадан ұялып барам. Бір кезде… Залдан Тұманбай көкемнің саңқ еткен даусы естілді:
– Әй, Есенғали, осындай жас күндеріңде, біздің алдымызға келгенде, өз өлеңдеріңді ұмытып қалушы едіңдер. Бұл бала қайта өзгенің өлеңін ұмытып тұр ғой, – деді сөзінің соңын әзілге жығып. Есенғали ағам күліп жатыр. Ел дуылдап, шапалақ ұрды. Мен де есімді жиып, еркінси бастадым. Сол екен, сап етіп өлеңнің келесі жолы да есіме түсті. Оқи жөнелдім:

Ол өксіген қарс айырып көкірегін:
«Үйренісіп өзіңе кетіп едім,
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында,
қала ғой,
өтінемін».
Өмірі үшін,
о, мейлі құмары үшін,
Ол қимады жанының жұбанышын:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тасжүрек,
сен соны ұғамысың?»…

Осы суретті көріп, сол оқиға есіме түскен соң, ағаларды, поэзия кештерін сағынғандықтан айтып отырғаным. Карантинде жүріп, әбден қарайдық. Кейде, өзіммен өзім күбірлеп, өлең оқығанда (балаларымның таңданып қарағанына қарамастан) Қадыр мен Тұманбай көкелерім дәл осы қалыпта әлі де тыңдап отырғандай көрініп кетеді…

Ерлан Жүністің фейсбук парақшасынан

Тегтер

Тақырып бойынша мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close